Екі жирен (халық әні) (исполнитель: Рамазан Стамғазиев)
Арқаның кербез сұлу Көкшетауы. Дамылсыз сұлу бетін жуған жауын. Жан-жақтан ертелі-кеш бұлттар келіп, Жүреді біліп кетіп есен-сауын. Сексен көл Көкшетаудын саясында, Әрқайсы алтын кесе аясында. Ауасы дертке дауа, жұпар иісті Көкірек канша жұтса, тоясың ба? Ырғалған көкке бойлап қарағайы, Қасында көк желекті әппақ қайың, Жібектей желмен шарпып төңіректі, Балқытып мас қылады иіс майы. Қарағай биік шыңды қиялаған. Еш адам оны барып қия алмаған, - Шаңқылдап тау жаңғыртып, шыңға қонып, Жалғыз-ақ көк қаршыға ұялаған. Көкпеңбек шың басынан мұнар кетпес, Басына атсаң-дағы оғың жетпес. Бір жұтсаң Көкшетаудың жұпарынан, Өлгенше көкірегіңнен құмар кетпес. Сары алтын Көкшетаудың ерте-кеші, Тау мен күн сүйіскендей еркелесіп, Суретті шежіресі өткен күннің, Сілекей ағызады ертегісі. Талай сыр ертегіні ел айтады, Ызындап таудан соққан жел айтады. Сырласып сыбырласқан жапырақтар, Күндіз-түн күңіренген көл айтады. Толғанып төмен қарап шал айтады, Тамсанып-таңырқанып бала айтады. Тау-тасты тұнжыраған куә қылып, От басы қатын-қалаш - бәрі айтады. Ертегі болмаса да хатта қалған, Аузында шежіренің қартта қалған. Қарттардың баян қылған әңгімесін Есіткен кейінгілер жаттап алған.