Қаным – қазақ, жаным – қазақ! (оқыған: (исполнитель: Әкім Ысқақ)
Қаным – қазақ, жаным – қазақ! Қаным – қазақ! Жаным – қазақ! Арым – қазақ! Тілім – қазақ! Үнім – қазақ! Жырым – қазақ! Қазағым барда – берекем бар, өлеңім бар! Қазағым барда – өмірім бар, өнерім бар! Өйткені, мен шөлдеп келгенге су емес айран, қымызын ұсынған, елінен адасып, шер, шемен боп, бас сауғалап жүрген жанға көңіл төрін ұсынған қарға тамырлы қазақтың ұлымын! Өйткені, мен Алатаудай асқақпын, Сарыарқадай кеңмін, Каспийдің толқынындай батылмын! Өйткені, мен қызын қыңыр, ұлын жасық етпеген, дәстүрін ұмытпаған, ұлтын ұлықтаған, бойында намыс оты жалындаған, Алладан басқа ешкімге табынбаған елдің ұрпағымын! Өйткені, мен бабалар аңсап, армандаған тәуелсіздікті тар жол тайғақ кешумен алған текті елмін! Өйткені, мен сән-салтанат құрған қаласы бар, ырыс-құтқа толы даласы бар, әруағы қолдаған бабасы бар дархан қазақпын! Өйткені, мен әрбір сөзі бойтұмарға айналған Абаймын, мерей ойлы Мағжанмын, айбынды Махамбетпін! Өйткені, мен елінің тұтастық келбетін сақтап, ғасырға аманаттаған арда мінез Абылаймын! Өйткені, мен иен даласының кең шекарасы тұлпарының тұяғымен сызылған, алып тарихы маңдай терімен жазылған Қазақпын! Тілім – асқақ арым, адамдық биігім, ортаймас қазынам! Қазағым барда, тілім тіріде – мен бармын! Тілің барда, рухыңды көтерген ұлтжанды ұрпағың барда – Қазақ, сен мәңгі жасайсың!