Биіктік (исполнитель: Табыл Досымов)
Биіктік “Тау баласы тауға қарап өседі”… Т. Молдағалиев. Ұнатады шыңда көңіл шырқауды, Таулары жоқ төбемізден бұлт ауды. Толағай боп туылмадым, әттең-ай, Атырауға әкелер ме ем бір тауды… Шыңды армандап төбесі көк сүзгілер, Экраннан Эверестке үздігер. Обаны — адыр, адырларды төбе деп, Төбелерді тау деседі біздің ел. Тартыспай-ақ Ғамзатовтай көкеммен, Тау ұлы емес, қыр ұлы боп өтем мен. Осы қырда төбешіктей Аналар, Дүниеге таудай Ұлдар әкелген. Ерліктері айналмайтын елеске, Атыраудың алыбының бәрі есте. “Ереуіл атқа ерін салған егесте”, Махамбеттің өзі бір тау емес пе?! Жанарында жасын ойнап керемет, Жауған оққа қарсы шапқан, себелеп. Санаң болса қалай ғана айтарсың, Нысанбаев тау емес ед, төбе деп. Тау ұлдары тауда нағыз сырбаздай, Жүздерінде шабыт оты жүр маздай. Біздің қырда қыдырса егер бір жаздай, Талай таулық кетер ме екен жыр жазбай. Алты алаштың алыптары берсе дем, Таусыз ғұмыр кешеріме мен сенем. Биіктікті, айналайын, туған ел, Қыранының қанатымен өлшеген. Бір құдірет тұла бойда тасқанда, Құлаш ұрмай тауға, шыңға, асқарға, Қыр баласы тауға қарап өспейді, Қыр баласы қол созады аспанға…